Щучьеде қонақүй өртеніп, 1 адам қаза тапты, 50 адам эвакуацияланды
Ведомствоның мәліметінше, желтоқсанның 26-да түнгі сағат 22:50-де Щучье қаласының Абылай хан көшесі 43 мекенжайы бойынша орналасқан 6 қабатты қонақүйден өрт шықты.
«Өрт төртінші қабаттағы нөмірлердің бірінен шықты. 15 шаршы метр аумақты шарпыған жалын, сағат 23:13-те сөндірілді. Оқиға орнынан 1970 жылғы ер адамның күйген денесі табылды, сондай-ақ тағы бір адам құтқарылып, 50 адам қауіпсіз жерге шығарылды», - дейді ТЖД баспасөз хатшысы Динара Есенбаева.
Ведомстводан атап өткендей, тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 24 қызметкері мен 5 арнайы техникасы, Бурабай аудандық ІІБ кезекші жедел тергеу тобының 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.
Алдын ала деректер бойынша өрт отты қолданған кезде сақтық шаралары ескерілмегендіктен орын алған.