Щучьеде «Өзін-өзі тану» бойынша республикалық форум өтті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Щучье қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының негізінде тәрбиелеу және оқыту жүйесінің қызметін атқару» атты республикалық форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Щучьеде «Өзін-өзі тану» бойынша республикалық форум өтті

Ведомствоның мәліметінше, форумда адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда үздік педагогикалық тәжірибемен алмасу платформасы ұсынылды.

Форумның ашылуына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова қатысты.

Форум қатысушылары оқушыларға адамгершілік-рухани білім берудің ағымдағы жағдайы мен келешегі, соның ішінде мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын іске асыру, жалпыадамзаттық құндылықтар негізіндегі отбасылық тәрбиелеу туралы мәселелерін талқылады.

Форум жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығының мамандары, «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы бойынша республикалық, жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үйлестіру кеңестерінің мүшелері және ата-аналар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Форум аясында «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығының мамандары, облыстардың және республиканың үздік педагогтері дайындаған шеберлік-сыныбы өткізілді.