Щучьедегі трамплин кешені құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Щучьеде салынып жатқан Халықаралық шаңғы спорты орталығының құрылысы қашан аяқталатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл шындығында да спортты дамыту үшін әлемдік деңгейдегі бірегей орталық. Онда республикалық спорт мектебі орналасатын болады. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2018 жылдың екінші тоқсанына белгіленген. Меніңше, мамыр-маусым айында аталған нысанды пайдалануға беретін боламыз», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның сөзіне қарағанда, спорт кешені қысқы спорт түрлеріне тікелей жауап беретін халықаралық санаттағы мамандардың қатысумен салынып жатыр.
«Әрине, олардың қорытындысыз, ұсыныстарынсыз біз құрылыс мәселелерін жүргізбейміз. «Жел раушанына» қатысты қауіп, оның мақсатқа сай еместігі мәселесін біз тыңғылықты талқыға салдық. Халықаралық олимпида комитетінің, Халықаралық федерациялар комитетінің мамандарының барлығы да жоғары баға берді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың ақпан айында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласында салынып жатқан халықаралық шаңғы орталығы 2016 жылы іске қосылатындығын айтқан болатын.