Щучинск қаласында күшті жел үйдің шатырын ұшырып, әйнектерді сындырды
ЩУЧИНСК. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай ауданында нөсер жауын мен күшті желден кейін көпқабатты үйдің шатыры ұшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында жергілікті әкімдік мәлімет таратты.
«Бүгін 7 шілде сағат 16:44-те Бурабай ауданының Щучинск қаласында қатты екпінді жел Ломоносов көшесі, 22 мекенжайындағы бес қабатты үйдің шатырын ұшырып әкетті. Оның жанында орналасқан Интернациональная көшесі, 59-үйдің 8 пәтерінің терезесі мен балконының әйнегі сынды. Адамдар арасында зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ» деп хабарлады Бурабай ауданының әкімдігі.
Қаланың бүкіл қызметтері төтенше жағдай салдарымен жұмыс істеп жатыр. Бұл іске 14 адам және 4 техника жұмылдырылған.