Щучинск тұрғыны жарты миллион теңге ақшасын өзі «ұрлаған» - Ақмола облысы

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 2-ші қыркүйегінде Бұланды аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 25 жастағы Щучинск қаласының тұрғыны арызданған. Арызданушының сөзіне қарағанда, белгісіз біреулер оның «Газель» көлігінің салонында болған 465 000 теңге ақшасын жымқырып кеткен.
«Оқиға орнына дереу жедел тергеу тобы жіберілді. Жедел іздестіру шарасы барысында полицейлер зардап шегушінің түсініктемесінен ұрлыққа қатысты біраз мәліметтердің сәйкес келмейтінін аңғарды. Кейін одан әрі тергеу кезінде зардап шегушінің өзі күдікті екені анықталды. Зардап шегуші өзіне сеніп тапсырылған ақшаны өзі ұрлап, полицияға жоқ ұрыны іздетіп қоймақ болған», деп түсіндірді полицейлер.
Қазіргі кезде, күдікті қылмысын мойындап, үстінен ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық із қозғалды.