Щучинск-Зеренді автожолын қайта жөндеу 2019 жылы аяқталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ұзындығы 80 км болатын Щучинск-Зеренді автожолын қайта жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Қазақпарат» «НК «ҚазАвтожол» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ұлттық компанияның ақпаратына қарағанда, қайта жөндеу жұмыстарын 2019 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Қорғалжын қорығындағы Астана-Қорғалжын автожолының бөлігіне (40 км) ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Щучинск-Бурабай автожолының 16 км бөлігіне де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бурабай ауылының орталығында да 2 км автожол жөнделген.
«Жаяу жүргіншілерге қолайлы болу үшін түнгі жарықтары бар арбат жасалып, тұрғындар мен туристерге демалу үшін орындықтар қойылған. Автокөліктің көп келуі және үздіксіз қозғалысқа байланысты жеңіл көліктерге арналған тұрақтар жасалған. Қазіргі заманға сай аялдама павильондары мен қоршаулар орнатылған. Қазіргі уақытта Бурабай ауылында жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды», делінген хабарламада.