Щучинскіде сержанттар арасында байқау өтіп жатыр
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Щучинск қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусында ең үздік сержант Бүкіләскери байқауы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған Қорғаныс күштерінің, әскери, өңірлік басшылық және негізгі басқармалардың тарапынан ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпаз-сержанттары қатысуда. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінен жиналған 16 команда, оның ішінде ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің үздіктері бақ сынауда. Байқау 6 аталым және 10 түрлі сайыс бойынша өтіп жатыр. Қатысушылар төзімділік, мергендік, қоян-қолтық ұрыс, тұрған жерінде бағыт-бағдарлау, алғашқы кәсіби медициналық көмек көрсету, әскери дайындық бойынша теориялық білімдерін, сондай-ақ, вокалдық және хореографиялық дағдыларын көрсетуі қажет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін байқаудың мақсаты, сержант құрамының кәсібилігін арттыру және ынталандыруға, сондай-ақ, өңірлік басшылық және әскерлердегі сержант құрамы дайындығының деңгейін анықтауға бағытталған.
Байқау қорытындысы 29 қыркүйекте шығарылатын болады.