14:58, 15 Тамыз 2015 | GMT +5
Сегіз лауазымды қызметкерге 547 млн. тенге қаражат ұрлады деген айып тағылып отыр - Әскери сот
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұйымдасқан топ құрамында қызмет бабын пайдалана отырып, 547 млн. тенге көлемінде ақшалай қаражатты ұрлады деген айып тағылған әскери бөлімнің сегіз лауазымды қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өткізілді.
Бұл туралы ҚР Әскери сотының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында 2008 жылдың 1 қаңтарынан 2014 жылдың 31 тамызына дейінгі уақыт аралығында ұйымдасқан топ құрамында қызмет бабын пайдалана отырып, әскери қызметкерлердің және бөлім қызметшілерінің карт-шоттарына негізсіз ақша аудару арқылы 547 млн. тенге көлемінде ақшалай қаражатты ұрлаған деген айып тағылған әскери бөлімнің сегіз лауазымды қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өткізілді», - делінген хабарламада.
Қорғаушы-адвокаттардың қолдау хаттары қарастырылған соң, басты сот талқылауы 2015 жылдың тамыз айының 24-не тағайындалды.