«Секер» атты жаңа қазақстандық фильм жарыққа шығады
trong>Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ -Бүгін Алматыда Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы режиссер Сәбит Құрманбековтың «Секер» атты жаңа фильмінің таныстырылымын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фильмнің ресми тұсау кесері қазан айының 22-сі күні «Star Cinema Mega Center Almaty» кинотеатрында өтеді. Сюжеттің желісі бойынша фильмнің бас кейіпкері Секер есімді жасөспірім қыз ұл баладай өседі, шалбар киіп, атқа мінеді. Оның әкесі 4 қызды тәрбиелейді. Ұлды аңсаған әке өзінің тұңғыш қызын ұлдай тәрбиелейді. Секер өзінің ұл емес екенін түсінгеннен кейін, өзін табуға тырысады.
«Бұл фильм менің анамның өмірбаянына негізделген, менің балалық шағымнан да үзінділер бар. Фильмнің ең басты идеясы - табиғатта әр нәрсенің өз орны бар, жаратылысқа қарсы шығуға болмайтынын жеткізу болып табылады. Сонымен қатар бұл фильм арқылы өзіміздің табиғатымызды, жануарлар әлемін көрсетуге тырыстым, жалпы кейіпкерімді табиғатқа жақындатқыздым. Мысалы қызыл кітапқа енген дүниежүзінде аса сирек кездесетін тритонды, қазақша атауы «Жетісу бақатісін» түсірдім. Ол жәндікті таңдап алуымның да себептері бар. Ол тек таза жерде өмір сүреді. Фильмде тритон - тазалықтың, пәктіктің символы. Екіншіден, оның ерекше қасиеті бар. Ол эмбрион кезінде еркектер азайып бара жатса, ол еркек болады, ал ұрғашысы азая бастаса керісінше, ұрғашы болып туады. Бұл дегеніміз табиғаттың өзі тепе-теңдікті сақтап отырады деген сөз», деді «Секер» фильмінің режиссері Сәбит Құрманбеков. Оның айтуынша фильм Талдықорған облысында,Текелі қаласының маңында 2 ай бойы түсірілген. Фильмнің бюджеті 100 миллион тенге көлемінде.
Фильмде басты рөлді, ұлдың бейнесін №17 мектеп интернатының 8-ші сынып оқушысы Аяулым Ахметбекова сомдаған. Әкесінің рөлін танымал режиссер және актер Болат Қалымбетов ойнайды. Сонымен қатар фильмге Нұржұман Ықтымбаев, Ирина Гринева сынды танымал актерлер түскен.
«Киноға түсу қиын екен, бірақ ұлдың бейнесін сомдаған мен үшін қиын болған жоқ. Фильмге түсу кезінде мен төбелесуді, атқа мінуді үйрендім. 30 қыздың ішінен іріктеуден өткен кезде өзімді бақытты сезіндім. Бірақ, ұзын бұрым шашымды қиып тастағанда жыладым», дейді жас актриса Аяулым Ахметбекова.