Селин Дион алты жылдық үзілістен кейін сахнаға қайта оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Канадалық әнші Селин Дион алты жылдық мәжбүрлі үзілістен кейін сенбі күні Парижде сахнаға қайта оралды. Нантердегі Plenitude Arena аренасында өткен алғашқы толыққанды концертін ол 30 мың көрермен алдында өткізді. Бұл туралы Euronews жазды.
2022 жылы өзіне «қатаң адам синдромы» деп аталатын сирек кездесетін неврологиялық ауру диагнозы қойылғанын жариялаған әнші сахнаға шыққан сәтте көз жасына ерік берді.
– Бұл жол оңай болған жоқ, сапар күткенімнен де ұзаққа созылды. Бірақ мені алыста, таулардың биігінде әлсіз жылт еткен жарық өзіне тартып тұрды. Бүгін кеште мен сіздер үшін ән айтқым келеді. Өзім үшін ән айтқым келеді. Өмір үшін ән айтқым келеді, – деді Селин Дион көрермендердің зор қошеметіне бөленіп.
Одан кейін әнші өзінің ең танымал әрі көпшілік сүйіп тыңдайтын хиттерін орындады. Олардың қатарында «My Heart Will Go On» және «Because You Loved Me» әндері бар. Концерт көрермендер мен музыка сыншылары тарапынан жоғары бағаланды.
Сенбідегі концертке АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама және бірқатар француз саясаткерлері, соның ішінде Габриэль Атталь мен Эдуар Филипп қатысты деген ақпарат бар.
Бұл концерт бұрын La Défense Arena деп аталған Plenitude Arena-да өтетін 26 кештен тұратын концерттер сериясының алғашқы шарасы болды.
Канаданың премьер-министрі Марк Карни Селин Дионды ұзақ жылдан кейін сахнаға қайвта оралуымен құттықтады.
It’s all coming back.
— Mark Carney (@MarkJCarney) September 12, 2026
Congratulations, @celinedion, on an incredible return to the stage after six long years. https://t.co/9sm8nXHGf6
2022 жылғы желтоқсанда Селин Дион өзіне «қатаң адам синдромы» диагнозы қойылғанын хабарлаған. Бұл – бұлшықеттердің қатаюы мен түйілуіне әкелуі мүмкін сирек кездесетін аутоиммунды неврологиялық ауру.
Емі жоқ бұл дерт әншіні концерттерін алты жылға тоқтатуға мәжбүр етті. Осы уақыт ішінде оның сахнаға қайта орала алатынына күмән келтіргендер де болды.
Еске сала кетейік, бұған дейін канадалық әйгілі әншінің осы жылдың екінші жартысында сахнаға оралуға дайындалып жатқанын жазып едік.