«Селтиктің» бас бапкері: Менсінбеушілік болмады, «Қайрат» - мықты қарсылас
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Селтик» футбол клубының бас бапкері Брендан Роджерстің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
26 тамыз күні сағат 21:45–те Алматының Орталық стадионында УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында «Қайрат» пен «Селтик» арасында қарымта ойын өтеді. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Брендан Роджерстен «Селтик» алғашқы ойында бізді менсінбеді» деген Рафаэль Уразбахтин сөзіне қатысты пікірін білді.
— Жоқ, олай емес. Біз әр қарсыласқа әрдайым құрметпен қараймыз. Тек алғашқы ойында өз деңгейімізді көрсете алмадық, әсіресе бірінші таймда. Бірақ алда екінші ойын бар, бәрін түзетуге мүмкіндік бар. Біз «Қайраттың» мықты қарсылас екенін жақсы түсінеміз, оны жеңу оңай емес. Ертең бәрі біздің ойынымызға байланысты болады, — деді ол.
Оның айтуынша, шотландиялық ұжымның ойыншылары бұл кездесуді тағатсыздана күтіп жүр, өйткені бұл — олар үшін жаңа сынақ.
— Біз үшін қазір ең маңыздысы — Чемпиондар лигасы. Ертең қажетті нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. Егер тек нәтиже туралы ойласақ, бұл ойыншыларды тежейді. Біз алаңға футбол ойнау үшін шығамыз. Ертең жанкүйерлер қызықты матч көретініне сенімдімін, — деді ол.
Брендан Роджерс «Қайратпен» өз алаңындағы тең ойыннан кейін «Селтикке» айтылған сынға қатысты пікір білдірді.
— Шын мәнінде бұл бізге әсер етпейді. Біз жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз. Иә, біз маусымды енді бастадық, бірақ команда өзін көрсете білді. Ойыншылар алдағы міндеттерді түсініп отыр. Сондықтан сырттағы әңгімелер бізге әсер етпейді, — деді ол.
Сондай-ақ ол Қазақстанға ұзақ сапарды сылтау етпейтінін атап өтті.
— «Қайрат» Глазгода жол мен уақыт айырмашылығына қарамастан жақсы ойнады. Біз де тиісті дайындық үстіндеміз. Бүгін жеңіл жаттығу өткізіп, алаңмен танысамыз да, матчқа толық дайын боламыз, — деді бапкер.
Сонымен қатар ол «Қайраттың» жас жұлдызы Дастан Сәтпаев туралы өз ойын айтты.
— Ол болашағы зор ойыншы. Оны «Челси» клубы бақылап жүргенін білемін. Бірақ «Қайраттың» күші бір ойыншыда емес, командалық ойында. Біз қарсыласқа құрметпен қараймыз, бірақ өз ойынымызға көңіл бөлеміз, — деді ол.
Роджерс Қазақстанға бұрын да келгенін, командасы «Астанамен» ойнағанын еске алды. Ол елдің сұлулығын және Алматының заманауи, қарқынды дамып келе жатқан қала екенін атап өтті.
Еске салайық, бүгін баспасөз мәслихатында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алғашқы ойында қарсылас тарапынан менсібеушілік болды деп болжаған еді.
«Қайрат» — «Селтик» матчында қауіпсіздікті 1,5 мың полиция қызметкері қамтамасыз етеді.
Бұған дейін «Қайрат» — «Селтик» матчына алыпсатарлар билетті 5 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сатып жатқанын жазғанбыз.