Семей сауда үйіндегі өрт: Зардап шеккендерге қандай көмек көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Вице-премьер Тамара Дүйсенова Семей қаласында сауда үйіндегі өрттен тауарлары жанып кеткен адамдарға қандай көмек көрсетілуі мүмкін екендігін айтты.

«Ең алдымен себебін және әр адамға келтірілген шығын көлемін анықтау қажет», - деді Тамара Дүйсенова Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейінгі брифингте.
Осы орайда БАҚ өкілдері азаматтарға қандай көмек көрсетілуі мүмкін екендігін нақтылаған болатын.
«Оларға басқа базарлардан жұмыс орындары ұсынылып, сол жерде тауарларын сатуға мүмкіндік алады. Егер оларда мүлдем ешқандай мүмкіндік болмаса, онда біз оларды жұмыссыздар ретінде тіркеп, жәрдемақы төлейміз», - деді вице-премьер.
Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары зардап шеккен азаматтарға мемлекеттік бағдарлама аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілуі мүмкін екендігін айтты.
Айта кетейік, Семейдегі киім-кешек саудаланатын ең ірі сауда орнында 6 желтоқсан күні таңғы сағат 3.00 шамасында өрт шыққан еді. Өрт түнде сөндірілді.
Қалалық Мәдениет үйінде ТЖД және Денсаулық сақтау басқармасының психологтары кәсіпкерлермен жұмыс жүргізді. Барлығы 200-ден астам кәсіпкерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетілді.