Семей-Бородулиха тас жолында көлік апатынан әйел адам қаза тапты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей-Бородулиха тас жолының 27 шақырымында жүргізуші көлікті дұрыс басқара алмай, «Ауди» көлігі аударылды. Апаттан алған жарақат салдарынан 40 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды, тағы үш жолаушы жарақаттанды.
Жуырда Құршым ауылының маңында да осындай оқиға орын алған. Мұнда аударылған көліктің жүргізушісі бас жарақатымен ауруханаға түскен еді.
Полиция инспекторы Ақгүл Атудинова хабарлағандай, соңғы 4 айда өңірде 33 көлік аударылған, онда 9 адам қаза тапты және 34 азамат жарақаттанды. Бұл өткен жылғы трассадағы жол-көлік апаты көрсеткішінен 7 пайызға артық.
Соңғы төрт айда облыста болған жол-көлік апатынан қаза тапқандардың жалпы саны 46 адамды, ал жарақаттанғандардікі 391 адамды құрады. Жолдағы өлім көрсеткіші 12 пайызға артқан.