«Семей» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде украиналық клубты жеңді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның «Семей» футзал клубы Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы кездесуде Украинаның «Атлетик» командасын 3:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sports.kz.

щ
Фото: Sports.kz

Кездесу Молдованың Чореску қаласындағы «МФФ Футзал Арена» спорт кешенінде өтті. Ойынға испаниялық Хуан Галлардо бастаған төрешілер бригадасы қазылық етті.

«Семейдің» бас бапкері Сержи Альтисент алаңға Кнейсс, Дедезиньо, Кандидо, Де Оливейра Гомес және Торресті шығарды. Қосалқы құрамда Игита, Пиялы, Есенаманов, Карбаев, Әбдуманапұлы, Педриньо, Фернан және Тұрсағұлов болды.

Кездесудің 7-минутында Фернан есеп ашса, 18-минутта Эдуард Нагорный таразы басын теңестірді.

Екінші таймның 24-минутында украиналық клубтың ойыншысы Давид Калашник алаңнан қуылды. Араға екі минут салып, Педриньо қазақстандық команданы қайта алға шығарды.

35-минутта Олег Выставной есепті теңестірді. 36-минутта Богдан Мещеряков алаңнан қуылып, украиналық команда тағы да сан жағынан кем қалды.

Кездесудің 38-минутында Педриньо дубль жасап, «Семейге» жеңіс әкелді – 3:2.

Командалар арасындағы қарымта кездесу 5 желтоқсанда Семей қаласында өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы алғашқы кездесуінде алматылық «Қайрат» Польшаның «Пяст» командасына 0:2 есебімен есе жіберген еді.