Семей ГЭС-ін салуға қатысты құжаттар дайындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Семей ГЭС-інің құрылысы біртұтас жүйедегі электрлік маневрлік қуатты 300 МВт-қа арттырады.
«Самұрық-Энерго» АҚ мәліметіне қарағанда, Семей ГЭС-і іске қосылса, Шүлбі ГЭС-інің реттеу қуатын 500 МВт-қа дейін арттырады. Бұл қадам бірыңғай электр желісіне түсетін жүктеме кезінде Шүлбі ГЭС-і қуатын оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді. Өндірілген энергия Қазақстанның бірыңғай электр энергиясы желісіне қосылады.
Әзірге, Семей ГЭС-ін салатын мердігер компания іріктелмеген.
«Қазір жобалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіндеміз. Оның құрылысына жұмылдырылатын мердігерлер туралы ақпарат жоқ, өйткені мердігерлерді таңдау жобалаудың барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін және жобалық шешімдерді мақұлдағаннан кейін жүзеге асырылады», - делінген «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ресеймен бірлесе отырып, Ертіс өзенінің бойында гидроэлектро станция салу туралы келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланды.