Семей қаласының жолдары қысқа дайын ба
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Күн санап таяп келе жатқан қыс мезгіліне Семей қаласының жолдары қаншалықты дайын ? Бұл маңызды сұрақтың жауабын білу үшін Kazinform тілшісі қала әкімдігіне сауалхат жолдады.
«Семейде қыс кезіне дайындық аясында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Қала бойынша 100 арнайы техника бар. Оған әртүрлі типтегі жабдықталған көліктер, жартылай сферикалық жабдығы бар тракторлар, тиегіштер, самосвалдар, автогрейдерлер, қар тиегіштер және басқа да техникалар кіреді. Қыста жолды күтіп-ұстауға арналған техника тікелей мемлекет тарапынан сатып алынбайды. Өйткені жолдарды күтіп-ұстау қала көшелеріне қызмет көрсетуге мемлекеттік сатып алу конкурстарын жеңіп алған мердігерлік ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Конкурс аясында қажетті техника саны көрсетіліп, оны кейін мердігер ұйымдар қамтамасыз етеді», - дейді редакциямызға жауап жолдаған Семей қаласы әкімінің орынбасары Жәнібек Мұқатаев.

Жолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау үшін 4,5 мың текше метр инертті материал, оның ішінде құм-тұз қоспасы дайындалған. Қаланы қардан тазарту үшін мердігер ұйымдар шамамен 100 жұмысшы мен 100 жүргізушіні жұмылдырмақ.
«Өткен қыста қала аумағынан 82 мың текше метр қар шығарылды. Ал оның алдындағы қыста 480 мың текше метр қар шығарылған. Қар массасының көлемі жауған мөлшеріне байланысты. Қар тазалау кезінде Семей қаласында техника ең алдымен қоғамдық көлік жүретін орталық және магистральдық көшелерде қолданылады. Бұдан кейін екінші деңгейлі көшелер мен шет аймақтарда жұмыстар жүргізіледі», - дейді Жәнібек Мұқатаев.

Барлық жұмыс кезең-кезеңімен қолға алынып, қар толық тазаланғанға дейін жалғасады. Шаһардың орталық көшелерінде негізгі жұмыстар түнгі және таңғы уақытта жүргізіледі.
«Бұл кептеліс пен көлік құралдарының жиналуын болдырмау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалады. Кең магистральдық көшелерде жұмыстар күндіз де жүргізілуі мүмкін, бұл көліктің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді», - дейді қала әкімінің орынбасары.
Осы ретте, Абай облысындағы республикалық тасжолдардың жай-күйі жайлы да айта кетейік. Өңір бойынша 1592 шақырым республикалық маңызы бар жол бар. Бұл жолдардың жеті учаскесін «КАЖсервис» ЖШС күтіп-ұстайды. Олардың 95 арнайы техникасы сақадай сай.
«Біз үшін ең бастысы – жолды тазалау ғана емес, қауіпсіздікті сақтау. Жолдардың барлық жағдайда жүруге жарамды болуын қамтамасыз етуге дайындалып жатырмыз. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын және тауар жеткізуге тәуелді халық үшін маңызды», - дейді компанияның өңірлік филиалының директоры Арсен Темірханов.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласының жолдары қысқа қаншалықты дайын екендігі туралы жазғанбыз.