Семей кәсіпкерлері сүт іркітін шығармақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейдің жас кәсіпкерлері енді 2 күн ішінде өздерінің бизнес-идеяларын қалай жүзеге асыруды біледі. Қалада «Атамекен Стартап» атты бизнес-идеялар конкурсы өтіп жатыр, деп хабарлады 24kz.

Семей кәсіпкерлері сүт іркітін шығармақ

Кеше оған қатысушылар бір жобамен келген болатын, ал күннің соңына қарай тұтастай команда жиналды. Демалыс күндері жаңа әріптестер тұжырымдамалары мен бизнес-жоспарларын жасап шықпақ, сондай-ақ олар бизнес және технологиялар саласындағы тәжірибелі сарапшылардың көмегімен өз жобаларының өміршеңдігін crush-тестілерде тексеріп көрмек.

Жоба тақырыбы да сан алуан. Мысалға қатысушылардың бірі - Арсен Құдабаев сүт іркітін шығаруды ұсынды. Ол жергілікті ірімшік өндіруші зауытпен де уағдаласып үлгерген.

«Олар күн сайын 700 мың литрге жуық өте пайдалы өнім - сүт іркітін босқа төгуде. Біз бұл өнімді халыққа сатуды ұсындық. Қазір өнімнің дизайнын, сондай-ақ брендін жасаумен айналысудамыз. Оны ілгері жылжыту стратегиясын да ойластырудамыз. Қазіргі кезде бізге жарнамалық науқан ұйымдастыру үшін қаражат керек», - деді конкурсқа қатысушы Арсен Құдабаев.

Конкурс ұйымдастырушыларының атап өтуінше, қазылар алқасы үш жеңімпазды іріктейді. Оларға ақшалай жүлделер тапсырылады: 1 орынға - 300 мың теңге, екінші орын үшін - 200 мың және үшінші орынға - 100 мың теңге.

«Бұл шара әсіресе өңір жастары үшін өте пайдалы. Мұндай бизнес-идеялар конкурстары жастар үшін Алматы мен Астанада өткізіліп жүр. Біз енді өзіміздің бизнес-идеялар конкурсымызды бүкіл республика аумағында өткізбекпіз», - дейді «Атамекен Стартап» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Тазабеков.