«Семей» командасы футзалдан Қазақстан чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Абай облысының «Семей» командасы футзалдан 2024 жылғы Қазақстан чемпионы атанды.

Бүгін финалдық сайыста «Семей» мен алматылық «Қайрат» кездесті. Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталды. Пенальти тебуден семейлік клубтың мерейі үстем болды.
Ал 3-орын үшін сайыста «Атырау» командасы «Аятты» 3:0 есебімен жеңді.
Футзалдан ел біріншілігі 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін алматылық «Қайрат» 20 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, алматылық ұжым 2004 жылдан бері бас жүлдені ешкімге ұстатпай келе жатқан еді. Биыл алғаш рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды.
Сондай-ақ ел біріншілігінде алматылық «Әліби» (2000, 2001, 2002) - үш мәрте, астаналық «Жігіттер» (2003) мен рудныйлық «Аят» (1999) бір-бірден чемпион атанған еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы сурдо футзалдан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.