Семей көшелеріне 60 жаңа автобус шықты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласында 60 жаңа автобусты маршруттық желіге шығару шарасына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семей көшелеріне 60 жаңа автобус шықты

Жобаны семейлік «Daewoo Bus Kazakhstan» бірлескен кәсіпорны жүзеге асырып отыр. Былтыр ел Үкіметі жолаушыларды автобуспен тасымалдау ісін дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдағаны белгілі. Осыған орай, семейлік автобус парктеріне 170 автбоус жеңіл бағамен ұсынылған болатын. Жобаның жалпы құны 4 млрд теңге шамасында.

«Қаладағы автобустардың ескіргенін алғаш екі жыл бұрын көзіммен көрген едім. Қазір сол кезде тозығы жеткен жолдар жөнделіп, халық мінетін автобустар жаңаланып жатыр. Бұл басы ғана. Қаладағы автобустардың 90 пайызы осындай жаңа әрі ыңғайлы көліктермен алмастырылатын болады», - деді аймақ басшысы.

«СемАз» ЖШС бас директоры Әсемқан Досқұжанов жаңа автобустардың барлығы арнайы пандустармен жабдықталғанын айтады. Ал тақымына жайлы автобус тиген жүргізушілер бұл жобаның дер кезінде қолға алынғанын жеткізді.

«Қала көшелерінде жаңа автобустардың жұртты тасып жүргені көзге жылы ұшырайды екен. Мұның бәрі мемлекеттік қамқорлықтың арқасы. Қаламыз біртіндеп жаңарып келеді», - деді шаһар тұрғыны Еркежан Амангелдиева.

null null