Семей машина жасау зауыты қызметкерлеріне жалақы төлене бастады
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей машина жасау зауытының жаңа инвесторы – «Oljakol» ЖШС қыркүйек айына дейін жалақы берешегін толығымен қайтаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
СМЗ жұмысшыларының еңбекақысының кешіктірілуі аймақтағы өзекті мәселелердің бірі деуге болады. Жағдай облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Аймақ басшысы аталған даулы мәселені шешу үшін бірнеше рет арнайы кеңестер өткізіп, зауыт басшылығына кәсіпорын жұмысшыларының, соның ішінде еңбек шарты бұрын бұзылған қызметкерлердің жалақы берешегін өтеуді жеделдетуді тапсырды.

Облыс әкімдігі, жаңа инвестор мен жұмысшылар өкілдерінің бірлескен жұмысының арқасында мәселені шешудің нақты тетіктері қабылданды.
Мәселен, 2023 жылдың 10 шілдесінде «Oljakol» ЖШС мен «Семей машина жасау зауыты» АҚ еңбек ұжымы алдындағы қарызды өтеу және 2023 жыл ішінде жалақыны уақтылы төлеу туралы меморандумға қол қойды.
Бүгінгі дейін 106 қызметкерге осы жылдың қаңтар және ақпан айларының жалақысы өтелді. Меморандумға сәйкес қалған берешек сомма қыркүйек айының соңына дейін қайтарылады.

Қазіргі уақытта маусым айының жалақысын аударып жатыр. Маусым айы үшін айлық қаражат 17 шілдеге дейін төленеді.
Бұған дейін Семей машина жасау зауытының қызметкерлері жалақыларын ала алмай жүргені хабарланған еді.