Семей мектептерінде 2025 жылға дейін 800 спорт секциясы ашылады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы мектептерде 2025 жылға дейін 800 спорт секциясы ашылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семей мектептерінде 2025 жылға дейін 800 спорт секциясы ашылады

Бұл жайлы халық алдында есеп берген қала әкімі Бақытжан Байахметов мәлімдеді.

«Мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі – бұқаралық спортты дамыту. Қаламызда тұрғындардың спортпен айналысуы үшін тиісті жағдайлар жасалған. Бүгінгі күні Семей бойынша 392 жабық спорт ғимараты жұмыс істеп тұр», - деді ол.

Бақытжан Байахметовтың айтуынша, Юность кентінде жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен бассейні бар сауықтыру-ойын-сауық кешені салынды. Биыл Қайнар ауылында құны 397,4 млн теңге болатын 80 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Шүлбі кентінде осындай тағы бір кешеннің құрылысы басталды. Бұқаралық және балалар спортын дамыту үшін 2025 жылға дейін мектептерде кезең-кезеңімен қосымша 800 спорт секциясын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта үстел теннисі орталығының құрылысы көзделуде. Осы жылы сметалық құжаттама әзірленеді деп күтілуде», - деді әкім.