Семей мектептерінде 5 мың орын тапшылығы бар
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2025 жылға дейін бірнеше білім ордасы бой көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы бүгін Ақпарат орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында қалалық Білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта 2 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл Восточный кентіндегі 1200 және Степной кентіндегі 300 орындық білім ордалары. Сондай-ақ 2025 жылға дейін тағы 3 мектеп салу жоспарланып отыр. Осылайша, мектептегі орын тапшылығы мәселесі толықтай шешімін таппақ. Бұдан бөлек, жаңа 200 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда шаһардағы 5001 оқушыға орын жетіспейді», - деді ол.
Наталия Фесенконың айтуынша, Семейдегі 49 білім ордасы жан басына қаржыландыру жүйесіне көшкен. «Оқитын мектеп» жобасы аясында 43 мектептің кітапханасы жаңартылды.