Семей мұрағатшылары Әзілхан Нұршайықовтың майданнан жазған хатын тапты

СЕМЕЙ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Лина Славина/ - Семейдің Жаңа тарихты құжаттандыру орталығының қызметкерлері Әзілхан Нұршайықовтың осыдан 60 жылдай бұрын майданнан жазылған бірегей хатын тапты.

Семей  мұрағатшылары Әзілхан Нұршайықовтың     майданнан   жазған  хатын   тапты

Мұрағаттан хабарлағандай, өлеңмен жазылған хат «Майданнан жазылған хаттар» құжаттар топтамасынан табылып отыр. «Бірегей және құнды хатты біздің жерлесіміз, жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов 1944 жылы Беларус майданында шайқасып жүрген жылдары Жарма аудандық газетіндегі әріптестеріне жолдаған. Өлеңмен жазылған хатын ол «Біз Берлинге барамыз!» деп атаған», - дейді Орталықтың бөлім меңгерушісі Талиға Түсімбаева.

Аудандық газет қызметкерлері сақтауға тапсырған бұл құнды мұра кеңес дәуірінің тұсында ұзақ жылдар бойы Жарма аудандық мұрағатында сақталып келген, кейіннен ол Семейдің Жаңа тарихты құжаттандыру орталығына келіп түскен.

Бұл хатты мұрағат қызметкерлерінен басқа әзірге ешкім көрген жоқ. «Хат қара қарындашпен жазылған. Біз оның көшірмесін жасап, оны жазушының өзіне табыс еткіміз келеді», дейді мұрағатшылар.