Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайы фотокөрмемен Астанаға келеді

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - 10 шілде күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 130 жылдық мерейтойына арналған «Семей замана ағымында» атты фотокөрменің ашылуы болады.
None
None

ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайынан мәлім еткендей, көрме Музейаралық серіктестік жобасының аясында ұйымдастырылуда. Өскемен мен Павлодардан бастау алған көшпелі көрме Алматыдағы Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінде қойылып, енді Елордасы Астана қаласында өз жұмысын жалғастырады.

Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан Семей қаласы көптеген қилы заманнан өтіп, маңызды тарихи оқиғалардың куәсі болды. Осы оқиғалардың фотосуреттері барша қазақ халқының тарихи, мәдени және рухани дамуында маңызды рөл атқарған қала тіршілігінің барлық салаларын қамтитын құрылысының куәгерлері іспеттес.

Қала қазақ әдебиеті, ғылым мен өнерінің негізін қалаушылардың отаны болып табылады. Бұл - ұлы Абайдың, ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының, әлемге танымал жазушы Мұхтар Әуезовтің, әнші Әміре Қашаубаевтың туған жері, алашордалықтардың шығармашылық қызметі де осы қаламен тығыз байланысты.

Көрме экспозициясына Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорынан алынған қаланың ХІХ-ХХ ғғ. бірегей фотосуреттерімен қатар жаңа қаланың көріністері - барлығы 80-ге жуық фотосуреттер қойылады.

XIX ғасырдағы Семей қаласының ескі көріністері мен шет алқаптары бейнеленген түсірілімдері әуесқой-фотосуретші Ф. Трейровтің, Семейдегі фотошеберхана иесі И. Дюков және К.Н. Могилёвцевтің жұмыстары мен ХХ ғасыр - Ф.Н. Белолюдовтың фотосуреттерімен көрініс тапқан. Ал қазіргі заманауи түсірілімдердің авторлары фотосуретшілер Вл. Павлунин, П. Уколов және «Фотолэнд» фотосалонының қызметкерлері болып табылады.

Келушілер көрмеге қойылған фотосуреттер арқылы Семейдің ескі бейнесімен оның тұрғындарын, қазіргі кездегі көріністерімен салыстыруға мүмкіндік алады.

Көрме қонақтары алғаш рет фотоаппараттардың әр түрлерін тамашалайды. Астананың тұрғындары мен қонақтары, әсіресе жас өспірім келушілер, заманауи цифрлы фотоаппараттарға негіз салған үлгілермен таныса алады. Олар - «Фотокор-1», «ФК-13х18», «Смена 8М СССР» және тағы да басқа. Олардың денін Семей қаласының коллекция жинаушылары А. Хмелев пен Е. Михайловтар тапсырған.

Соңғы жаңалықтар