Семей орманы резерватына жаңа радиотехникалық жабдықтар табысталды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – «Семей Орманы» мемлекеттік резерватына арнайы радиотехникалық жабдықтар жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Семей орманы резерватына жаңа радиотехникалық жабдықтар табысталды
Фото: t.me/abai_oblysynyn_akimdigi

«Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына 220 жылжымалы радиостанция, 110 автомобиль радиостанциясы, 150 автомобиль антеннасы пайдалануға берілді.

Радиожабдықтар БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының қолдауымен алынған және мұндай көмек алдағы уақытта да жалғаса бермек.


Іс-шараға Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғамбаев, БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов қатысты.

«Өрт сөндіруге қатысқандардың бәріне алғыс айтқым келеді. Иә, техника тозған. Өрт кезінде техниканың жетіспеуі мен тозуына байланысты біз дала өртінің бетін қайтара алмадық. Қарапайым дрон да болған жоқ. Осы мәселелерді шешу үшін біз қажетті жұмысты қолға аламыз. БҰҰ-ның даму бағдарламасына қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Біз бұдан әрі де бірге жұмыс істейміз деп үміттенеміз», - деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Жаңа радиотехникалық жабдықтардың бұрынғыларынан айырмашылығы – неғұрлым қуатты және берік. Орманшылар оларды сол жерде сынап көріп, жақсы баға берді.

«Бүгінгі таңда техникамен қамту – 92 пайыз. Оның 70 пайыздан астамы тозған. Биыл республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оған 2023 жылы 51 өрт сөндіру техникасын, 38 бірлік шағын өрт сөндіру техникасын, 44 патруль автомобильін сатып алу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін толық қамтамасыз етіледі», - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұрғамбаев.

Сондай-ақ, жиын барысында ҚР ТЖМ Министрінің бұйрығымен резерват қызметкері Біржан Жанбубеков «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.