Семей орманындағы өрт: Қарағанды университеті 10 грант ұсынды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Абай облысында орман өртінен зардап шеккен отбасыларда тәрбиеленіп отырған балаларға 10 білім беру грантын береді. Мұндай шешімді ЖОО басшылығы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семей орманындағы өрт: Қарағанды университеті 10 грант ұсынды

«Біздің университет Абай облысының тұрғындарына әсер еткен үлкен қиыншылықтан тыс қала алмады. Оларды осындай қиын кезеңде қолдау керек деп шешім қабылдадық. Осы мақсатта орман өртінен зардап шеккен отбасылардан шыққан балаларға университет қабырғасында тегін оқуға 10 грант беруге дайынбыз. Қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамыз», – деді ҚарУ ректоры аппаратының басшысы Серік Қалқаманов.

Сонымен қатар университет волонтерлері орман өртінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауға көмектеспек.

Айта кетейік, 40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне өз гранттары мен жатақханалардағы орындарын беруге дайын.