Семей, Өскемен, Павлодар атауын өзгерту керек пе? - БАҚ-қа шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны - «Богви» компаниясының басшысы Виктор Богданец артық-кемі жоқ тура 100 млрд. теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын талан-таражға салғанға ұқсайды. Күні кешеге дейін Ақмола және Солтүстік Қазақстан аймағындағы ең танымал бизнесмендердің бірі саналған ол нағыз таза адам ретінде бағаланып келген екен. Өткен сәрсенбінің сәтінде облыс қаржы полицейлері «Богви» ЖШС офисіне сау етіп кіріп келіп, оның басшысы Виктор Богданецті тұтқынға алады. Әзірге ол үш тәулікке уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған. Бизнесменге аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген сипаттағы айып тағылып отыр. Басылым атап өткендей, Қазақстанның ірі астық өндіруші бес компаниясы қатарына кіретін Богданецтің фирмасы көптеген миллиард теңгені құрайтын қарызға бекем батып қалған көрінеді. Бұл материал газетте «100 миллиард теңгені жымқырған кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды» деген тақырыппен берілген.
Жексенбі күннің кешінде Грузияның астанасы - Тбилиси қаласында өткен футзалдан УЕФА Кубогының финалдық матчында Алматының «Қайраты» Мәскеудің «Динамосын» 4:3 етіп ұтып, өзінің тарихында тұңғыш рет осы жүлдені жеңіп алды! Ал ресейлік команда осымен қатарынан екінші мәрте ақтық айқасқа шығып, күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Қайрат» - УЕФА Кубогының иегері!» атты мақалада толық басылған.
***
«Айқын» газетінде «Жемқорлардың тізімі жарияланады» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше «коррупциямен күрестің жаңа кезеңінің басталатындығы» жарияланды. «Нұр Отан» партиясы, Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігімен бірлесіп, коррупцияға қарсы тұру туралы арнайы заң жобасын әзірлепті. Бұл заң қабылданса, «жемқор тұлғалардың тізімі» жасалады. Тағы бір жаңалық: Қазақстанда мемлекеттік қызметке тұрушылардың табыстары мен шығыстары туралы декларациялары ғаламтор арқылы халыққа жария етілмек. Бір қызығы, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе коррупциямен күреске қандайда бір жолмен көмек көрсеткен тұлғаларға қомақты сыйақы ғана беріліп қоймай, енді оларды мемлекет тіпті жеке күзетпен қамтамасыз етуі мүмкін.
Семейге - Абай, Өскеменге - Қонаев, Павлодарға - Сәтбаев атауларын беруді ұсынады Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев. Ол бұл туралы «31» телеарнаға берген сұхбатында мәлімдеген. Ал бұл жөнінде осы өңірден шыққан белгілі ғалымдардың пікірін «Айқын» газеті жазып отыр.
Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Кісінің атын қалаға, елді мекенге беруге қарсымын. Қанша данышпан болса да, адам атының өзінің туған жеріне берілгені жөн емес. Сонда Абай Абай ауданында туған, Абай қаласында тұрған деп айтуымыз керек пе? Әлде, Райымбек Райымбек ауданынан шыққан дегеніміз дұрыс па? Ал Өскемен қаласына Қонаев не істеді? Егер әр адамның әкім болған қаласына соның атын бере берсек, не болады? Әр қалаға өзінің тарихи жер атаулары ғана жарасады.
- Журналистер одағының жетекшісі қазақ тілінде Семей, Өскемен деген тарихи атаулар жоқ деп отыр ғой...
- Семейдің аты - Семей. Қаладан алпыс шақырым жерде Семейтау деген жер бар. Өскеменнің аты - Көктас. Сондай жер атауы бар.
- Матаев «Кереку деген атау да тарихи емес, орыс көпесі Коряковтың атынан шық-қан» дегенді айтады...
- «Дұрыс емес» дейтін оның қолында қандай дерегі бар? Кереку деген - кереге. «Керегеден тігілген үй» деген сөз. Оған дәлел табылған. Ескі қоныс болған. Ал үйде шай ішіп отырып, көлгірситін заман өткен. Білмейтін нәрсеге кіріспегені жөн.
Ғарифолла Есім, сенатор, философия ғылымдарының докторы, профессор:
- Сейтқазы бауырымның айтқанын қала атауларына қатысты бір ұсыныс деп қарау керек. Әркімнің өз пікірі бар. Семей деген сөз - қазақтың тарихына, мәдениетіне, дәстүріне сіңісті болған ұғым. Оны қозғаудың еш қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Бұл - орынды атау. Павлодар туралы айтсақ, оның өзгергені жөн. Павел - орыс тарихында ерекше еңбектерімен аты шықпаған патша. Сондықтан бұл қаланың бұрынғы атауы - Кереку болуы керек. Кереку деген сөздің Коряков дегенге еш қатысы жоқ.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевті қабылдады. Кездесуде Ә.Исекешев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2012 жылғы қорытындылары, сондай-ақ тау-кен өндірісі саласындағы қазіргі ахуал туралы баяндады. Қазақстан Президенті ҮИИД бағдарламасы аясында пайдалануға берілген барлық 537 нысан өз өнімдерін өндіре, соның ішінде экспортқа шығара отырып, толық күшінде жұмыс істеуге тиіс екенін атап көрсетті.
- Еліміздегі тау-кен металлургия саласын дамытумен айналысатын «Тау-Кен Самұрық» және геологияны жандандыруға арналған «Қазгеология» компаниялары құрылды. Бұл - соңғы уақытта ешкім айналыспаған маңызды сала. Табиғи ресурстарға бай Қазақстан үшін пайдалы қазбаларды іздестіру және өндіру тау-кен металлургия саласын дамыту үшін зор мүмкіндіктер туғызады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.