Семей полигонынан зардап шеккендердің бірыңғай мемлекеттік реестрі құрылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Сенатта Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті.
Парламент Сенатында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Сенат депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты — Семей полигонының зардаптарын еңсеру мәселелерін талқылау, әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру, медициналық және ғылыми зерттеулердің өзекті бағыттарын айқындау, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамыту болды.
Іс-шараны ашқан Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Семей полигонының жабылуы Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.
— Біз әлемге Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын, Семей полигонының жабылғанын мақтанышпен айтып келеміз. Алайда бүгін біз тағы бір маңызды сұраққа жауап беруіміз керек: осы сынақтардың зардабын тартқан азаматтардың мәселесін толық шеше алдық па? Тарихи әділеттілік тек өткенді еске алумен емес, бүгінгі адамдардың тағдырына нақты жауапкершілікпен өлшенеді, — деді сенатор.
Сенатордың айтуынша, бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі — радиациялық әсерге ұшыраған азаматтардың нақты санын анықтау және бірыңғай мемлекеттік реестр қалыптастыру.
— Біз халықаралық деңгейде миллионнан астам адам зардап шекті деп айтып келеміз. Бірақ мемлекет нақты қанша адамның радиациялық әсерге ұшырағанын, олардың қаншасы бүгін өмір сүріп жатқанын, қаншасы қайтыс болғанын, олардың денсаулық жағдайы қандай екенін нақты білуі тиіс. Бұл мәселе болжаммен емес, дәл деректермен шешілуі керек, — деді Бибігүл Жексенбай.
Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік органдардың өкілдері әлеуметтік қорғау, медициналық көмек көрсету, радиациялық мониторинг жүргізу және Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңның іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады.
Сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, әскери қызметшілердің құқықтық мәртебесін нақтылау, медициналық скрининг бағдарламаларын кеңейту және зардап шеккен азаматтардың бірыңғай мемлекеттік реестрін құру жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Сенатор Бибігүл Жексенбай өз сөзінде мәселенің тек әлеуметтік төлемдермен шектелмеуі керектігін айтты.
— Адамдарға тек жәрдемақы немесе өтемақы ғана емес, өмір сүруге, еңбек етуге, балаларын оқытуға және болашағын құруға мүмкіндік беруіміз қажет. Сондықтан Семей өңіріне қатысты саясат өтемақы төлеу саясатынан даму саясатына көшуі тиіс, — деді депутат.
Қатысушылар Конституциялық Соттың Семей полигонына қатысты қабылдаған құқықтық ұстанымдарының маңызын атап өтіп, ғылыми зерттеулерді жаңарту және әлеуметтік қорғау жүйесін қазіргі жағдайға бейімдеу қажеттігін жеткізді.
Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы халықаралық бастамалары, оның ішінде ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге арналған халықаралық трасттық қор құру жөніндегі жұмыстар туралы ақпарат берді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстарды жинақтап, мүдделі мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды.
— Семей полигонының зардаптарын еңсеру — тек өткеннің мәселесі емес. Бұл — бүгінгі азаматтардың денсаулығы, әлеуметтік әл-ауқаты және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі үшін мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі, — деп түйіндеді Бибігүл Жексенбай.