Семей полигонның ластанған алаңдарына халық кедергісіз барып жүр – Энергетика министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін туындаған мәселелерді айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісінде Энергетика министрі «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобаларын ұсынды. Қаралып отырған заң жобасы бұрынғы Семей полигоны жерлерін пайдалану, оның аумағын оңалту, елдің ғылыми әлеуетін дамыту мәселелерінде бақылауды күшейтуге бағытталған.

«Полигонды жабумен байланысты бірқатар проблемалық мәселелер бар. Семей полигонының жерлері жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы запастағы жер болып саналады, бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттерін және осы аумақтарда болып жатқан оқиғаларды қадағалауды қиындатады. Одан бөлек, полигон жері үш облыстың әкімшілік шекараларында орналасқан, бұл да бұрынғы полигон аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуді қиындатады. Радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторингтің болмауы ол ластанудың елдімекендерге көшуі бойынша маңызды деректердің болмауына әкеп соғады», - деді Мағзұм Мырзағалиев Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.

Министрдің айтуынша, халық полигонның ластанған алаңдарына кедергісіз кіріп-шығып жүр, бұл денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. 2008-2017 жылдары бұрынғы полигон аумағында 139 қыстақ пен жазғы үй анықталған, оның 68-інде адамдар тұрады.

«Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін қалпына келтіру жұмыстары іс жүзінде жүргізілмейді. Полигонның радиоэкологиялық жай-күйінің айқын көрінісі мен тұрақты мониторингі жоқ, залалданған және таза жерлердің арасы бөлінбегендіктен, полигон жерлерінің шаруашылық айналымға берілуін қиындатады. Нәтижесінде полигонның ықтимал жарамды жерлерінің едәуір бөлігі қазір бос жатыр», - деді министр.

Бұған дейін М. Мырзағалиев Семей ядролық полигонында 13 жыл жүргізілген зерттеу аяқталғанын айтқан еді. Бүгінгі таңда аумақтың 100 пайызы тексеріліп, 2008-2021 жылдарға арналған қорытынды есеп дайындалды.



Соңғы жаңалықтар