«Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырған дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 мамыр, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырған дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу

                                                                            ***

Кеше Астанада Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы болып өтті. Оған Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов және елімізге ресми сапармен келген Венгрия Үкіметінің басшысы Виктор Орбан қатысқан болатын. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Қазақстан-Венгрия: Серіктестік серпіні» деген тақырыппен жарық көрді. «Венгрия Қазақстанның сырт­қы саясатындағы Шығыс Еуропа бағытында маңызды орын алады және Шығыс Еуропадағы Қазақ­станның ең белсенді әрі перс­пективалы экономикалық әріп­тесі саналады. Соған орай екі ел арасындағы сауда-эконо­микалық қарым-қатынастар жыл өткен сайын жаңа серпін алуда», - деп жазады басылым.

Тәуелсіздік жылдары тізбегінде ұлт денсаулығы Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың әлеуметтік-экономикалық страте­гия­сының маңызды басымдығы болып келеді. Прези­денттің 2012 жылғы «Әлеуметтік-эконо­ми­калық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында да отандық медици­наның сапасы адам капиталын ны­ғайтудағы басты талап­тардың бірі ретінде қаралады. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті аталған тақырыпқа байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Надежда Петухованы әңгімеге тартқан. Басылым тілшісінің сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазіргі уақытта денсаулық сақтау саласында айқын мемлекеттік кадр саясатының болмауы еңбек ресурстарының сандық әрі сапалық дағдарысына әкеліп соқтырып отыр­­ғанын да атап көрсетуге мәжбүрмін. Денс­аулық сақтау саласындағы қызметкер­лердің жұмысқа деген мотивациялық ынта-ықыла­сының болмауы, жалақыларының азды­ғы, әлеуметтік жағынан жеткілікті дең­гейде қор­ғалмауы салаға жас кадрлардың келуіне де кері ықпалын тигізіп келеді», - дейді. Сұхбат «Халық денсаулығы - ел байлығы» деген тақырыппен берілген.

***

«Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді халқымыз. Иә, жеті атаны білген жақсы, тіпті қажеттілік. Сол аталардың арғы жағында тұрған руға қатысты да сөз бар. «У ішсең, руыңмен іш» дейді қазақ. Бұл бір шоғыр елді бірлікке шақырады. Құптайтын нақыл. Руың мықты болса - рухың да мықты болары даусыз. Алайда осыны айқайлап айтып, өзгелерден бөлек етіп соқырға таяқ ұстатқандай насихаттағаннан ұтарымыз не?», - деп жазады «Айқын» газеті. Бұл ретте басылым соңғы кездері   буланатын бөлмеде киюге арналған бас киімдерде, жеңіл көліктердің артқы терезелеріне, сувенирлік заттарға ру аттары жазылып жатқандығын сынға алады. Мақала «Руымыздан бұрын, рухымыз мықты болғай!» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымның бүгінгі санында танымал актер Асанәлі Әшімовпен арадағы сұхбат «Өнердің қай саласын алып қарасақ та, бізде еліктеушілік басым» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Біз мәдениетті бәрінен жоғары қоя білуді үйрене алмай келеміз. Көшеде жүру үшін де, адаммен сөйлесу үшін де, дастарқанда отыру үшін де мәдениет керек. Бірақ біздегі мәдениеттің төмендігіне кінә артудың өзі қиын. Өйткені біз феодалдық құрылымнан бірден ыршып-ыршып, асығып келеміз ғой. Сондықтан бізде ентігіс бар. Басқалар жаяу асықпай келе жатса, біз соған ілесу үшін жүгіріп отыруымыз керек. Өзге өркениетті елдер әлдеқашан асықпай баяу жүріп-ақ, бізден озып кеткен», - дейді.

***

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанынан 21 жыл толады. Өкінішке қарай, сынақтан бас тарттық дегенімізбен, бертінге дейін бұл қауіпті аймақ ашық-шашық жатты. Тек 2008 жылы Үкіметтің бастамасымен полигонның аса ластанған жер телімдерін қоршауға алу бойынша инженерлік құрылымдар салына бастады. Бірақ соған қарамастан, бұл өңірді жергілікті халық мал жайылымы ретінде пайдаланып келеді. Бәз бір мамандар бұл жер телімін әскери жаттығу өткізетін алаңға айналдырып, «мал жайылымына шектеу қойсақ қайтеді» деген де пікір айтуда. Осы жайттар арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Семей полигоны аймағын әскери жаттығу алаңына айналдырған дұрыс па?» деген тақырыппен берілді.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбанды қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Тараптар екі елдің екіжақты ынтымақтастығының ауқымды мәселелерін талқылады. Нұр­сұл­тан Назарбаев тарихта қазақтар мен венгрлер әркезде тату қа­рым-қатынаста болғандығын ерекше атап өтті. «Біз сіздердің екі елдің өзара қарым-қатынастарын жаңа дең­гей­ге көтеру туралы ниетте­рі­ңіз­ді қолдаймыз. Венгрия Қазақ­стан­ның бастамасына қолдау көр­сетіп келеді, президенттеріңіз Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысты. Бүгін сіз Қа­зақстан Премьер-Министрімен кездесіп, үкіметаралық кеңеске қатыстыңыз. Онда екі елдің өзара қарым-қатынастары туралы нақ­ты уағдаластыққа қол жеткіз­ді­ңіз­дер деп сенемін. Өз тарапым­нан бұл үдерісті қолдайтын бо­ламын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.