Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелерін жетілдіре түсу қажет - Н. Сәбильянов
АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелерін жетілдіре түсу қажет.
Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан - бейбітшілік елі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың айтуынша, «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» қолданыстағы заң 1992 жылғы желтоқсанның 18-інде қабылданған. Аталмыш заңда көпжылдық ядролық жарылыстардың әсерінен зардап шеккен азаматтардың мәртебесі мен аумақтарды түр-түрге бөліп белгілеу, өтемдер, жеңілдіктер түрлері, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шаралар айқындалған. Н. Сәбильяновтың пікірінше, осы заң қабылданғаннан кейінгі жылдары мемлекет өзіне алған міндеттемелерін жыл сайын орындал келеді.
«Елбасы былтырғы жылы тікелей желі арқылы халықпен сұхбаттасқанда Семей полигонының зардаптарын жоюға қатысты айтқан ұсыныстарына халық та ризашылығын білдірген болатын. Бұл ретте Парламент депутаттары «Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды одан әрі жетілдіре түсуіміз керектігі айқындалып отыр. Атап айтқанда, өңірдегі азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуді қайта қарастыру қажет. Мәселен, қолданыстағы заңға сәйкес Семей полигоны өңірінде өмір сүрген ер азаматтар 50 жаста, әйелдер 45 жаста зейнеткерлікке шығады екен әрі дәл осы жаста зейнетке шығу үшін полигон аймағында он жылға жуық тұрған болуы шарт екен. Бұл дұрыс емес, өйткені қазір полигоннан зардап шеккен, кейінен басқа жаққа көшіп кеткен азаматтар да бар. Сол апатты өңірде 9-8 жыл немесе 3-4 жыл тұрғандары да бар. Олар да полигон қасіретін тартып отыр, бірақ жаңағыдай жеңілдіктерді пайдалана алмайды», деді депутат.
Оның айтуынша, заңда медициналық-әлеуметтік көмектер түрін де жетілдіре түскен орынды. Бұдан бөлек Н. Сабильянов Семей өңіріндегі ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту, ауызсу проблемаларына да баса назар аудару қажеттігін алға тартты.