Семей полигонының жабылуына 30 жыл: ТМД Атқарушы комитетінде көрме ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 27–30 тамыз аралығында – Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің қолдауымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай арнайы көрме ашылды.

Семей полигонының жабылуына 30 жыл: ТМД Атқарушы комитетінде көрме ашылды

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТМД Атқарушы комитетінің ғимаратында көрменің ашылу салтанатына Достастыққа қатысушы-мемлекеттердің өкілдері қатысып, аталған іс-шараны үлкен қызығушылықпен қабылдады.

Қатысушылардың назарына Семей ядролық полигонына қатысты тарихи фотосуреттер мен құжаттардың, оның ішінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу туралы Жарлығының, көшірмелері ұсынылды.

Сонымен қатар полигонның жабылу тарихы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы ядролық қаруды таратпау бағытындағы күш-жігері және жетістіктері туралы сирек бейнематериалдар бар бейнеролик көрсетілді.