Семей сынақ алаңында әскери қызметін өтеген азаматтар әлеуметтік көмек ала алмай жүр - Б. Смағұл
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей сынақ алаңында әскери қызметін өтеген азаматтар әлеуметтік көмегін ала алмай жүр. Бүгін Парламент Мәжілісінде Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Бақытбек Смағұл осы мәселені көтерді.
«Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтардың қатарында Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлерімен бірге, Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқан және Семей сынақ алаңында әскери қызметін өтеген азаматтар да бар. Қолданыстағы заңға сәйкес, ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар Ұлы Отан соғысына қатысушыларға әлеуметтік кепілдік жағынан теңестірілген. Алайда, ондай санаттағы көпшілік азаматтар әлеуметтік көмек пен сынақ алаңында болғандығы үшін тағайындалған ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақысын ала алмай жүр», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, жәрдемақы алу үшін берілетін анықтаманы Қазақстан азаматтары 2008 жылға дейін Ресейдің Подольск қаласының орталық мұрағатынан, орталық әскери комиссариат арқылы алып келген. 2008 жылдан кейін Ресей бұндай анықтама беруді тоқтатқан. Ал анықтаманы алып үлгермегендер де баршылық. «Есесіне, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі орталық мұрағатынан «Семей сынақ алаңында қызметте болды» деген анықтама берілгенімен, оны еліміздің әлеуметтік қолдау мекемелері қабылдамайды. Мұнда ақылға сыймайтын түсініксіз жайт бар. Біз - қазір әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетпіз. Семей сынақ полигоны Қазақстан аумағында 40 жыл бойы атом сынақтарын жасағаны да шындық. Енді сол сынақ полигонында әскери қызмет өтегені жөніндегі анықтаманы Қазақстанның жауынгерлері неге басқа шет мемлекеттен алуы керек?» - дейді Бақытбек Смағұл.
Оның айтуынша, Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің беріп отырған анықтаманың жарамсыз болуы да түсініксіз. Соған орай, депутат осы мәселені шешудің қажеттілігін алға тартты.