Семей тұрғынының көлігінен ірі мөлшердегі есірткі табылды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Қарасора» жедел алдын алу шарасы барысында Семейден Курчатов қаласына қарай шығатын тасжолдың бойында «ВАЗ» автокөлігін тоқтатқан. Полицейлерге 38 жастағы жүргізуші мен екі жолаушының өздерін ұстауы күдік туғызды.
Тергеу-жедел тобы жасаған тінту барысында көліктің жүк салғышының өзіндік иісі бар, жалпы салмағы бір келіге жуық кептірілген шөп салынған үш полиэтилен пакетті тапты. Сот-химиялық сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген жасыл түсті, өсімдік тектес заттың «марихуана» екендігі белгілі болды.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлер ер адамның өзімен бірге ірі мөлшердегі есірткіні не үшін алып жүргенін анықтауда», - деді Семей қалалық Полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаев.