Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен өңірдегі азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендету қажет-Н. Сабильянов

АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен өңірдегі азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Нұртай Сабильянов осылай мәлім етті, 

Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен өңірдегі азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендету қажет-Н. Сабильянов

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Семей өңіріндегі сайлаушылармен кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі - Семей ядролық сынақ полигонындағы ұзақ уақыт ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғауды жетілдіру мәселесі болды. Бұл ретте, халық осы бағыттағы арнайы заңға өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартады. «Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды қорғау» заңы 1992 жылы қабылданған екен. Әрине, осы уақытқа дейін заңның тигізген жәрдемі де болды. Дегенмен, жұртшылық талаптарына орай, аталған қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді заман талабы деп қараған жөн», деді депутат.

Сонымен бірге, депутат өңірдегі төтенше радиациялық аймаққа ерекше мәртебе беру, емханалар салу мәселелерінің де өзекті болып отырғанын алға тартты.  «Осыған орай, Үкімет Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен, төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақта тұратын азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендетуді, өңірдегі  зейнетке шыққан азаматтардың үстемеақы алу құқығын шектемеуді қарастырса игі. Бұнымен қоса, экологиялық жәрдемақы төлеу мәселелері де оң шешімін табуы керек деп білемін», деді депутат.