Семей жәдігерлері Астана мұражайына қойылды
СТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Семей мұражайлары қорынан «Ұлы тұлғалар бесігі» атты көрме ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмеде Семей қаласындағы Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапханасынан, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайынан ақын Абай Құнанбаевтің өмірімен, шығармашылығымен байланысты құнды жәдігерлер әкеліп қойылған. Мұражай сөрелерінде дана ақынның өз қолымен күміспен күптеп жасаған ертоқымы, ат әбзелдері, тұрмысында қолданған төл заттары, сонымен қатар Абайдың сирек қолжазбалары мен туындылары тізілген. Семей мұражайында асылдың көзіндей сақтаулы тұрған жазушы М.Әуезовтың өз қолымен сыйға тартқан ақынның көзі тірісінде түскен фотосуреттері және Абай үйінің дүниелері де жеткізілген.
«Жастарды осындай шаралар арқылы, өткен тарихымызды насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарға жақындастыру керек. Сондықтан көрменің тек Астанада ғана емес, облыс орталықтарында да өткізу қажет деп есептеймін», дейді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ермак Сәлімов.
ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Қазақстанның әр облыстарындағы мұражайлардан жәдігерлер әкеліп, көрме өткізу дәстүрі қалыптасқан. Осымен 3-ші жыл бойы өткізіліп отырған «Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық көрме жобасының көктемгі кезеңін бүгін Шығыс Қазақстан өңірінің мұражайлары ашты. «Ұлы тұлғалар бесігі» көрмесі елордада бір айға жалғасады.
Семей қаласындағы Абай атындағы ғылыми әмбебап кітапханасы - Қазақстандағы көне мәдениет ошақтарының бірі. Алғашқы ашылған жылы (1883 жылдың қазан айы) қоғамдық кітапхананың 130 оқырманы, 274 дана кітап қоры болған. Қазіргі таңда кітапхана қорында аса бағалы құнды 4,5 мыңнан аса сирек басылымдар қоры мен 400 мыңға жуық әдебиеттер қорын 17 мыңнан аса оқырман пайдаланады.
Ал Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы - ақынның туғанына 95 жыл толуы қарсаңында 1940 жылдың сәуірінде ашылды. Оның негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абай тапсырған заттар құрайды. Мұражай қорында аталмыш заттардың 30-ға жуығы сақтаулы. Бүгін соның бір пұшпағы Астана жұртшылығына ұсынылды.