Семейде 122 жыл бұрын салынған бу диірменінің ғимараты жөндеуге мұқтаж

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде бу диірменінің ежелгі ғимараты сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Семейде 122 жыл бұрын салынған бу диірменінің ғимараты жөндеуге мұқтаж

Диірменді 1900 жылы Семей қаласында көпес Мусин салған. Онда Сібір мен Алтайдан әкелінген бидай ұнтақталып, өңделді.

Диірменнің жанында дайын өнім сақталатын қойма болды.

Ғимарат кірпіштен тұрғызылған. Бөлімнің қабырғалары үш қатарлы кірпіштен тұрады.

Көптеген жылдар бойы ғимаратта жабдықтар зауыты орналасқан.

«Ертіс» өлкетану қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Сасановтың айтуынша, диірмен осы аймақта сол заманғы еуропалық техникамен жабдықталған ірі кәсіпорынның бірі болған.

«Қазір де бұл жәдігер семейліктер үшін өте маңызды. Оны сақтап, реставрация жасауымыз керек. Өйткені ғимаратта кезінде өндіріс болғандықтан ол әбден тозған, жөндеуге мұқтаж. Бұл ғимарат өте үлкен, әдемі, аумағы кең. Осы дүниені жөнімен қажетімізге жаратып, пайдалана білсек дұрыс болар еді. Жастарға арналған кеңістік, экспозиция, музей ашуға болады. Қалалық әкімдік жақын уақытта ғимаратты қолға алады деп үміттенемін», - дейді өлкетанушы.

Фото: exk.kz