Семейде 2023 жылы жалпы ұзындығы 55 шақырым жол жөнделеді
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 2023 жылы жалпы ұзындығы 55 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл жалпы ұзындығы 55 шақырым көлік жолын орташа жөндеуден өткізу көзделген. Сонымен қатар қала шетіндегі 4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы күрделі жөндеуден өтеді.
«Биыл көшелерді кеңейту бойынша 4 жоба әзірленуде. Оның ішінде Қаржаубайұлы көшесін Жангелдин көшесінен Энергетик кентіндегі бұрылысқа дейін, Шугаев көшесін Құтжанов көшесінен Қабылбаев көшесіне дейін, Шәкәрім даңғылын Дулатов көшесінен Жамақаев көшесіне дейін және Құтжанов көшесін Шугаев көшесінен Гагарин көшесіне дейін кеңейту жоспарланып отыр», - делінген ақпаратта.
Қалаға қарайтын ауылдардың да жолы жөнделмек. 2023 жылы 5 ауылда жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Көкентау ауылдық округінің кентішілік жолдары орташа жөндеуден өтеді.