Семейде 400 орындық жатақхана ашылды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде студенттерге арналған 400 орындық жатақхана ашылды. Алты қабатты, 136 бөлмелі ғимаратта білім алушылардың жайлы тұруына барлық жағдай жасалған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлемі 6 мың шаршы метр аумақты алып жатқан Студенттер үйінің құрылысы өткен жылы жазда басталған. Нысанды салуға 1 жарым миллиард теңге инвестиция жұмсалған. Ерекше атап өтерлігі, бұл - соңғы 30 жыл ішінде өңірде толық университеттің өз қаражатына салынған тұңғыш жатақхана.

«Әр бөлмеде 3 адамнан тұрады. Жатақхана заманауи ас бөлмесімен, коворкинг-зоналармен, медициналық кабинеттермен, Wi-Fi желісіне қосылған кітапханамен, фитнес залмен жабдықталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңадан құрылған Абай облысының орталығы – Семей қаласының инфрақұрылымын тез арада көтеру керек, бұған бәріміз атсалысуымыз қажет» деді. Жатақхананың ашылуы сол айтылған сөзге нақты жауап, қаланы дамытуға біздің қосқан үлесіміз деп білемін», - дейді Әлихан Бөкейхан университетінің ректоры Шырын Құрманбаева.

Студенттер үйінің ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысты.

«Бүгінгі шара өте маңызды. Университет үшін, өңір үшін ғана емес, жоғары білім саласы үшін. Неліктен? Қазір елімізде демократиялық өсім бар. Сондықтан үлкен жатақханаларға, академиялық инфрақұрылымға тапшылық пайда болды. Қазір еліміз бойынша 55 мың орындық жатақханаға сұраныс бар. Президенттің жыл сайын 10 мың орындық жатақхана салу жөнінде тапсырмасы бар. 2029 жылға дейін 70 мың орындық жатақхана салынады» деді министр.


Әлімхан Әлиханұлы


Соңғы жаңалықтар