Семейде 64 рет жол ережесін бұзған жүргізуші анықталды

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында 64 рет жол ережесін бұзған жүргізушінің көлігі айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Семейде жол қозғалысы ережесін талай рет бұзып, айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтады.

Жол ережесін 64 рет бұзып, 1 673 250 теңге сомасына айыппұл арқалаған «Фольсваген» маркалы көлігі, 30 рет жол ережесін бұзғаны үшін 724 500 сомасына айыппұл салынған «БМВ» және 2 035 500 теңге сомасында 24 бұзушылық жасаған «Тойота» маркалы автокөліктерінің жүргізушілері тоқтатылған. Қазіргі уақытта аталған көліктердің барлығы арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

«Жүргізушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 893 бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама заңды күшіне енген күннен бастап айыппұл сомасын отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс екенін еске саламыз. Қаулыны ерікті түрде орындамаған жағдайда айыппұл Кодекстің 894 бабына сәйкес мәжбүрлі түрде өндіріліп алынады. Азаматтар 7 тәулік ішінде әкімшілік айыппұлды 50 пайыз мөлшерінде төлеуге құқылы», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар
telegram