Семейде Абайдың 175 жылдығына арналған көрме ашылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Семей қаласында ұлы ақынның мерейтойына орай мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарының көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде Абайдың 175 жылдығына арналған көрме ашылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында қаладағы №16 мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Келушілер назарына ұсынылған картиналарға, күріштен, киіз бен бояулардан жасалған экспозицияларға ақынның өмірі мен шығармашылығы арқау болған. Бұл көрмеге оқушылар бір жыл бойы дайындалыпты.

Бір бұйымға көлемі мен тақырыптың күрделілігіне қарай он күннен жарты жылға дейін уақыт жұмсалған. Үшінші сынып оқушыларының қолынан шыққан «Абай мен Шәкәрім Жидебайда» атты экспонатқа 10 күн уақыт кетіпті. Бұйымның сәтті шығуына ұстаздар мен ата-аналар да өз үлестерін қосқан.

«Оқушыларымыз әр көрмеге үнемі тыңғылықты дайындалады. Бүгінгі көрмеге қойылған бұйымдар әр сынып оқушыларының қолынан шыққан. Бұл балалар үшін үлкен тәжірибе болды. Бұйымды олар зейін қойып, зор қызығушылықпен жасады», - дейді мектептегі технология пәнінің мұғалімі Иманбек Хамзин.