Семейде абайтанушы Қайым Мұхамедхановқа арналған көрме ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы мен шығармашылығы жайында кеңінен мағлұмат алуға болатын арнайы көрме ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көрме Қайым Мұхамедхановтың 5 қаңтарда дүниеге келген күніне орай ұйымдастырылған. Абайтанушы ғалым, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің алғашқы директоры болғанын айта кету керек.
«Мұнда абайтанушы ғалымға қатысты кейінгі жылдарда жарық көрген мерейтойлық кітаптар мен әдебиеттанушылардың ғылыми-зерттеу еңбектері, мақалалары, ғалымның 10 томдық шығармалар жинағы шоғырланған. Көрмеде орналасқан музыкалық аспаптар, ғалымның ескерткіш бюсті келуші қонақтардың қызығушылығын оятары сөзсіз», - деп хабарлайды қорық-музейдің баспасөз қызметінен.
Көрмеге келушілер Қайым Мұхамедхановқа қатысты тың деректерден бөлек, Абай, Мұхтар Әуезов және Алаш қайраткерлері жайлы мәліметтермен таныса алады. Алдағы уақытта Қайым Мұхамедхановқа арналған көрмені кеңейту, ғалымға қатысты тарихи деректерді жинақтау жұмыстары жалғасын тауып, осы бағытта ауқымды қызметтер атқару жоспарлануда.
Айта кетсек, Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Көп жыл бойы Абай мұражайының директоры қызметін атқарған, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. Ол - Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі. 2004 жылы дүние салған.