Семейде ақау шыққан ЖЭО-да көмірді қолмен салып шыққан әскерилер марапатталды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында көмір беру жүйесі істен шыққан ЖЭО-да көмірді қолмен салып шыққан әскерилер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
15 желтоқсанда сағат 00:34-те Семейдегі №1 ЖЭО-да ұзындығы 6 метр алаңда транспортер лентасы мен электр кабельдері жанған болатын. Сағат 1.36-да өрт толығымен сөндірілді. Алайда өрт салдарынан көмір беру жүйесінің жұмысы тоқтатылды.
Сол кезде ТЖМ 68303 әскери бөлімі мен ҚМ 28738 әскери бөлімінің жеке құрамы жалпы көлемі 34 тоннаға жуық көмірді қазандық агрегатына үздіксіз қолмен салып отырған еді.
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов сарбаздармен кездесіп, өз ризашылығын білдіріп, Грамоталар табыстады.
«Осыдан бірнеше күн бұрын ЖЭО-да көмір беру жүйесі істен шыққан кезде үйлерге жылу беруді тоқтатпау үшін қосымша күш ретінде әскери горнизонының сарбаздары жұмылдырып, көмірді қолмен тасымалдады. Жылу орталығындағы әскерилердің ерен еңбегіне бәріміз куә болдық. Абырой болғанда, жедел әрекеттердің арқасында қалаға жылу үздіксіз берілді. Қаламызды апаттан сақтап қалуға үлкен үлестерін қосқандары үшін сарбаздарға өз алғысымды білдіремін!», - деді шаһар басшысы.