Семейде әскери ұшқыштардың оқу-жаттығу жиыны өтуде
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде әскери ұшқыштардың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Семей гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 54835 әскери бөлімінде әскери ұшқыштардың ұшу даярлығы мен сыныптық біліктілік деңгейін арттыруға бағытталған жыл сайынғы жиын өтуде.
Оқу-жаттығу жиынына бөлім командирі полковник Қайрат Түгелов басшылық етуде. Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының жауынгерлік даярлық бөлімінің аға инспекторы Дастан Бейсембинов ұшақты басқару бойынша сынақтарды қабылдауда.
«Әскерилер ЕС-145 «Еврокоптер» және Ми-17 тікұшақтарымен берілген тапсырмаларды орындауы тиіс. Сынақтар күндізгі және түнгі уақыттарда, күрделі метеорологиялық жағдайларда өткізіліп жатыр. Жаттығу жиынында әрбір ұшқыш өз шеберлігі мен кәсібилігін көрсетеді», - дейді полковник Дастан Бейсембинов.

