11:52, 10 Шілде 2010 | GMT +5
Семейде автобус пен КамАЗ соқтығысып, 22 адам зардап шекті
АСТАНА. Шілденің 10-ы. ҚазАқпарат - Семейде автобус пен КамАЗ соқтығысып, жол-көлік оқиғасының салдарынан 22 адам зардап шегіп, бір адам қаза тапты, деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ірі жол-көлік оқиғасы Омбы-Майқапшаған автожолының 543-ші шақырымында, қаладан 30 шақырым жерде жұма күні кешкі сағат 6-да орын алған.
Апат кезінде «Семей-Барлық-Арасан» бағытында кетіп бара жатқан «Вольво» қалааралық автобусының салонында 62 адам болған.
Автобус жолаушысы 55 жастағы азамат апат салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Сондай-ақ 16 адам ауруханаға жеткізілген, олардың арасында балалар да бар.
ТЖМ-нің атап өтуінше, тағы 6 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген.