Семейде автобус жолақысы қымбаттай ма – әкімдік жауабы

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының әкімдігі Семейде автобус жолақысы қымбаттайтындығына қатысты тараған ақпарат бойынша рәсми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндері БАҚ-та және әлеуметтік желіде Семейде қоғамдық көліктегі жолақысының қымбаттайтыны туралы ақпарат тараған. Онда егер қазір автобуспен қатынау үшін қала тұрғындары 80 теңге төлесе, жаңа тарифпен жол жүру құны 100 теңге болатыны туралы жазылған.

Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков қоғамдық көлікте жол жүру тарифін көтеру мәселесі ресми түрде қарастырылмағанын және қарастырылмайтынын мәлімдеді.

«Жақын арада тариф өспейді. Жалпы, автобус паркінің жұмысы тұрақты бақылауда. Желіде кондукторлар, жүргізушілер мен көлік жетіспеушілігі мәселесі бар. Бүгінгі күні кесте 100% орындалмауда. Бұл мәселені бірнеше рет қарастырдық. Егер кондукторлардың тапшылығын валидаторларды орнату арқылы шешетін болсақ, онда жүргізушілерді тек жалақыны көтеру арқылы жұмысқа тартуға болады», - деді ол.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Семейдегі автобус жүргізушілері бекітілген нормадан артық жұмыс істеуде. Олар бір ауысымда 8 сағаттың орнына 10-12 сағат еңбек етеді. Ал қосымша төлемдерді ескергенде жалақылары айына 250 мың теңгеден аспайды.

«Басқа қалалармен салыстырып көрейік. Мәселен, елордада жүргізушілер қалыпты режимде жұмыс істесе де, 400 мың теңгеден жоғары айлық алады. Бұл мәселені шешу үшін біз арнайы жол картасын жасап, жүргізушілердің жалақысын көтеру механизмін әзірледік. Бірақ бұл тарифті көтеру арқылы емес, мемлекеттік субсидия есебінен жүргізілетін болады», - деді Дмитрий Гариков.


Соңғы жаңалықтар
telegram