Семейде автожуудағы өрттен зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде жатыр
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Семей қаласындағы автожуу бекетіндегі өрт пен жарылыс салдарынан зардап шеккен екі адамның жағдайы белгілі болды.
Еске сала кетейік, 23 қыркүйекте Семейдегі автожууда газгольдер жарылып, өрт жақын маңдағы тұрғын үйлерге тараған болатын.
Оқиға салдарынан екі адам күйік жарақатын алған. Екеуі де ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі жансақтау бөліміне жатқызылған.
Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер оқиғадан кейін бірден медициналық ұйымдарға жеткізілген. Оларға қажетті көмек көрсетілді.
— Зардап шеккендердің бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Екінші пациент хирургия бөлімінде ем қабылдауда, жағдайы орташа ауыр. Екеуіне де қажетті ем жүргізіліп, медициналық мамандардың тұрақты бақылауында, - делінген ақпаратта.
Дәрігерлер пациенттердің жағдайын бақылауды жалғастырып, қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Жезқазған маңындағы шахтада өрт шыққандығы туралы жазған болатынбыз.