Семейде аюлар қыстың жылы болуынан ұйқыға әлі кетпеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы қыстың жылы болуына байланысты Семей қаласындағы биологиялық бақта өмір сүретін аюлар ұйқыға кетпей, ояу жүр.
Тордың ішіндегі Зита мен Гриша атты қос аю күні бойы орталыққа келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өз өнерін көрсетеді. Әсіресе, Зита белсенді. Ол келген қонақтар тәтті бермейінше артқы аяғын төмен түсірмейді. Жыртқыш жануарлар негізінен көкөніспен қоректенеді.
Зообақ мамандары өңірде әлі де күн суытып, аюлар қалың ұйқыға кетеді деп үміттенеді.
«Негізі қоңыр аюлардың иіс сезу мүшесі қатты дамыған. Сондықтан олардың тамақтану тәртібі бойынша біз оларға сағат төртте тамақ береміз. Сол кезде олар шығып тамақтарын жейді», - дейді биологиялық бақ қызметкері Сая Төлеубек.
Дереккөз: «Хабар 24» арнасы.