Семейде бес адамнан пара алған шенеунік сотталды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласында бес адамнан пара алған ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы сотталды.

аграрлық несие корпорациясы
Фото: Kazinform

Қалалық № 2 сотында пара алған мемлекеттік қызметкер мен пара берген 5 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. 

— Семей қаласының ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндет атқарушы құжаттарды жеделдетіп ресімдегені, жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге, автокөліктің сәнді нөмірін алуға жәрдемдескені үшін бес адамнан 4 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейінгі аралықта пара алған. Айыпталушылар өз кінәсін толықтай мойындады. Олардың кінәсі жасырын тергеу әрекеттерімен, банктік шот үзінді көшірмесімен және құжаттарды қарау хаттамаларымен дәлелденді, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Пара алған мемлекеттік қызметкер ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 2,9 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Ал пара берушілер 60 мыңнан 375 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.