Семейде бір күнде 4 үйде өрт шықты
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында өткен тәулікте 4 үйде өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 9 қараша күні сағат 10.02-де Бобровка кентіндегі жеке тұрғын үйдің шатыры отқа оранған. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен өрт сөндірушілер көп ұзамай тілсіз жауды толықтай ауыздықтады. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған.

«Дәл осындай себеппен Чарская көшесінде өрт шықты. Жер үйдің төргі бөлмесін, жиһаз бен жеке заттарды шарпыған жалынның жалпы ауданы 5 шаршы метрді құрады. Үшінші өрт Березовая көшесінде болды. Жеке тұрғын үйдің ауласында жалпы ауданы 50 шаршы метрге жететін шаруашылық қора-жайдың ағаш құрылымдары жанған», - делінген ақпаратта.
Төртінші өрт Пржевальский көшесінде тіркелген. Сағат 21.25 шамасында жер үйдің шатыры, терезесі, есік блоктары мен жиһаз өртенді. Тілсіз жаудың жалпы ауданы – 138 шаршы метрді құраған.

